Оқу-ағарту министрлігі мектеп оқушыларының сабақ кезінде смартфон қолдану тәртібін нақтылайтын бұйрық қабылдады.
Жаңа талаптарға сәйкес, сабақ кезінде ұялы телефонды пайдалануға болмайды. Дегенмен, бірнеше жағдайда смартфон қолдануға рұқсат етіледі:
мұғалімнің нұсқауымен оқу мақсатында, тапсырманы орындау қажет болған жағдайда;
оқушының немесе басқа адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген кезде;
оқушыға денсаулығына байланысты телефон қажет болған жағдайда.
Сабақ басталғанға дейін оқушы телефонды дыбыссыз режимге қойып, діріл мен дыбыстық хабарламаларды өшіруі немесе смартфонды толықтай сөндіруі тиіс. Мектептерде телефондарды сақтауға арналған арнайы орындар ұйымдастырылуы мүмкін.
Егер сабақ барысында смартфон оқу тапсырмасын орындау үшін қажет болса, мұғалім оқушыға телефонды пайдалану тәртібін түсіндіреді: оқу тапсырмасын анықтайды, оның мазмұнын және смартфонды қанша уақыт пайдалану керегін түсіндіреді, сондай-ақ телефонды қашан қосып, қашан пайдалануды тоқтату қажеттігін белгілейді.
Бұл жағдайда оқушы смартфонды тек мұғалім берген оқу тапсырмасын орындау мақсатында пайдалануы тиіс. Телефонның фото, аудио және бейне түсіру функцияларын да тек мұғалімнің нұсқауымен қолдануға болады.
Жаңа талаптар 9 қазаннан бастап күшіне енеді.
